"Жеңісті жақындатқандар"
Жеңісті жақындатқан ер
Сапарбек Абдраманов 1914 жылы Қаратау етегіндегі Қазан бұлақ ауылында дүниеге келген. Балалық шағы сол жерде өткен.
1941 жылы 27 жасында өзі сұранып сұрапыл соғысқа аттанған. Әкеміздің айтуы бойынша, сол кездегі бүкіл қазақ жастарын эшелонға тиеп, Батысқа қарай соғысқа алып кеткен. Ресей елінің қай қаласы екені белгісіз, ол кезде мен 10 жасар бала едім. Әкемнің аузынан естігенімде «Владимирский» деген станцияда пойыздан түсіп, басқа пойызға ауысар кезде ағасы Абдраманов Бимаханбетпен кездеседі.
Бимаханбет соғыс басталмай тұрып әскери қызметте болған. Фашистердің алғашқы соққысында қатты жараланып, оң қолынан айырылып госпитальда ұзақ емделіп, ауылға қайтқан беті екен. «Владимирский» станциясында эшелонға тиелген халық Орта Азияға эвакуацияланып аттандырылып жатқан кез екен. Сол жерде туған екі бауыр, біреуі соғысқа, ал екіншісі қолынан айырылып елге қайтарылған кезі.
Тағдырдың жазмышы шығар, ағайынды екеу сол жерде қайыр қош айтысып айырылысқан екен. Бірақ сол ең соңғы кездесу екенін кім білген?
Әкем Сапарбектің айтуынша, сол станциядан аттанып кеткен соң, 3 күннен кейін сол станцияны фашисттік басқыншылардың әуе күші үлкен бомбылаудың астына алғанын естиді. Сол жерде ағасы Бимаханбет қаза табады. Содан әкеміз 105 атқыштар полкінде болып, бүкіл Ресейді, Польшаны азат етуге қатысып, неміс елінің «Кенинсберг» қаласында соғыстың аяқталғанын естиді. Әкем көптеген әскери медальдармен марапаталған. Ол 1947 жылы елге оралып, Қалия Сұлтанбекова анамызға үйленіп 3 ұл, 3 қызды болды. Анамыз 1924 жылы Сырдария бойында дүниеге келген. 8 жасында әке-шешеден айырылып жетім қалады. Ата-анасынан айырылған соң, ағасы, өзі және екі інісін алып Сарыағашқа балалар үйіне өткізуге келеді. Өкінішке орай, ең кіші 8 айлық інісі Балтабайды қабылдап, қалғандарын қабылдамайды. Содан соң, қазіргі Шобанақ ауылында аталас немере ағайындарына келіп, балалық шағы сол жерде өтеді. Ағасы Балғабек соғысқа аттанып, ал інісі екеуі 4 сыныптық білім алады. Сол кезде соғыс басталып, оқуды қойып масақ теріп, колхоздың еңбегіне араласып кетеді.
Өзі қатарлас жастармен бірге таңның атысы, күннің батысы бел жазбай еңбек етеді. Күндіз масақ теріп, түнде қолғап, шұлық тоқып, «Бәрі Отан үшін, бәрі майдан үшін!» деп тылда қызмет етеді. «1953 жылы Сталин қайтыс болғанда Түркістан шаһарында пойыздардың ұзақ гудок беріп, бүкіл халық қара жамылып, халықтың кәдімгідей дауыс салып жылап, қайғырғанын көргенмін» дейтін марқұм анам. Анам да Ұлы Отан соғысының мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Әкеміз 1978 жылы дүниеден озды. Анамыз барлық балаларын өзі аяқтандырып, міндетін атқарды. 2005 жылдың 4 ақпанында анамызда о дүниеге аттанып кетті. Артында ұл-қыздары, немере-шөберелері қалдық.
Әкем көп сөйлемейтін ерекше тұйық кісі болатын. Сол себептен көптеген ерлікке лайықты болған істері жайлы айта бермейтін. Бірақ қазақ халқы мақтанып айта бермейтін және соғысты есіне алғысы келмейтін халықпыз ғой. Менің әкем мен анамнан естіген бала күнімдегі бір естелігім осы еді.
Әмірхан Сапарбекұлы, кенже ұлы.
Читайте также:
Нравится ли вам данная статья?
Не забудьте оставить комментарий
|